ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне сәйкес Орал қаласы мектептерінде бірінші ауысымда оқитын 1-9-сынып оқушылары үшін сабақ тоқтатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау майоры Нұрболат Мұқажановтың айтуынша, күн 28 градусқа дейін суытты.
ТЖ департаменті сондай-ақ алдағы сенбі, жексенбі күндері облыс орталығы мен көптеген аудандарда күн суытатынын хабарлап отыр. Түнгі уақытта ауа температурасы -27 градусқа дейін, тіпті кей жерлерде -32 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіз бірқатар жерлер мен Орал қаласы аумағында -25 градус болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 7-8 ақпан күндері Оралда бастауыш сыныптарда сабақ тоқтатылған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).