Оралда №1 емхананың кабинеті өртенді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін түсқайта Оралда №1 қалалық емхананың екінші қабатында хирургия кабинеті өртенді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматованың айтуынша, иіс шыға бастағаннан-ақ дәрігерлердің хабарлауы нәтижесінде өрт тарамай, уақтылы сөндірілді. Емханадан қызметкерлер мен келушілер сол бойда сыртқа шығарылды. Ең бастысы, зардап шеккендер жоқ.

«Бүгінге жазылған емделушілерге дәрігерлер үйлеріне барып, қызмет көрсетеді», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ф.Саматова.

Қазіргі кезде оқиғаның себеп-салдары, келтірілген шығын анықталу үстінде.