ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында 10 жер телімі аукционға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Бисимбалиевтің айтуынша, аукцион 26 сәуір күні қалалық әкімдіктің үлкен залында ағылшын тәсілімен өтеді.
Аукционда коммерциялық бағыттағы нысандар құрылысы мен сауда павильонына арналған жер телімдерін жалға беру құқығы сатылады.
Ұтқандарға жер телімдері үш жылға жалға беріледі. Егер кәсіпкер осы мерзімде оны игерсе, жер телімін жеке меншігіне айналдыра алады. Олай болмаған жағдайда жер телімі кері қайтарылады. Ол кейін аукционға қайта қойылуы мүмкін. Бұл ретте кәсіпкердің жұмсаған шығыны қайтарылмайды.
Аукционға шығарылып отырған 10 жер телімінің бесеуі Орал қаласында, төртеуі Зачаган, біреуі Круглоозерный кентінде орналасқан. Бастапқы бағалары әр түрлі. Олардың бәрінің де техникалық құжаттамасы дайындалды.
Айта кетейік, бұл - Орал қаласында өткен жылдан бері ұйымдастырылып отырған төртінші, биылғы екінші аукцион.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).