Оралда «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес балалар ауруханасы салынуда - Премьер-Министр сапары

ОРАЛ. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласы Шаған кентінде 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасы салынуда, бүгін оның құрылыс барысымен Премьер-Министр Кәрім Мәсімов танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш құрылыстың жалпы сметалық құны - 4809,305 млн. теңге. Бас мердігер - «Алтим» ЖШС. 2008 жылы қарашада құрылысы басталған нысан биылғы жыл соңында пайдалануға берілмек.

Құрылыс жұмысы кестеге сәйкес жүргізілуде. 2008 жылы - 172,9 млн. теңге, 2009 жылы 500 млн. теңге игерілсе, биыл 4128,306 млн. теңгенің жұмысы атқарылмақ.

Облыста «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес өткен жылы Жаңақала ауданы орталығында ауданаралық сауықтыру орталығы салынып бітсе, биыл бес бірдей нысан пайдалануға берілмек. Ал келесі жылы Орал қаласында 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы басталмақ. Сонда аталмыш бағдарламаға сәйкес өңірде барлығы жеті денсаулық нысаны іске қосылмақ.

Аурухана құрылысымен танысқаннан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов осы аумаққа аса қажетті зачаган подстансысының құрылысын жалғастыру үшін 2 жылға 1,7 млрд. теңге бөлуді сұрады.

Үкімет басшысы осыған байланысты арнайы тапсырма берді.