ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 11 жасар баланы қағып кеткен автокөлік жүргізушісі іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 24 мамыр күні Ю.Гагарин мен Жәнібек көшелерінің қиылысында болды.
«Үміт» дүкені жанындағы жаяу жүргінші өткелінде алдын ала мәлімет бойынша ақ түсті «Toyota» автокөлігі баланы қағып кеткен. Содан кейін жүргізуші жасөспірімді үйіне дейін жеткізіп, өзі бой тасалаған.
«Баланың анасы сағат 17.40-та полицияға жүгінді. Жеткіншек жарақат пунктінде тексерілгеннен кейін қаншалықты зардап шеккені белгілі болады. Қазіргі кезде аталған автокөлікті іздестіруге департаменттің жеке құрамы жұмылдырылды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 611-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалды», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да шекараны заңсыз кесіп өткен өзбек азаматы іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).