ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда қала тұрғындарын жүргізуші куәлігін жасап беремін деп алдаған алаяқ ұсталды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Шаған полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде құрықтаған.
- Алаяқ Орал қаласы аумағында азаматтардың сеніміне кіріп, ақшаларын иемденіп кеткен. Күні бүгін оның әрекетінен жапа шеккен 13 тұрғын анықталды. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 6,5 млн теңге. Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. БҚО полиция департаменті азаматтарға сақ болып, құжаттарды тек ресми жолмен рәсімдеу керектігін еске салады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда автокөлік өртеніп, төрт адамның қаза тапқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).