Оралда 1500 орындық мәдениет үйі салынады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы жаңа алаңда 1500 орындық мәдениет үйі салынатын болады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыс басшысының айтуынша, қазіргі кезде астаналық мекеме жобалау-сметалық құжаттамасын жасаумен айналысуда. Ақ Жайық өңірінде мәдениет саласы дамып келе жатқанымен, облыс орталығында лайықты мәдениет үйі жоқ. Бұл туралы түрлі кездесулерде тұрғындар да айтып жүр. Сондықтан құрылысы биыл басталуы жоспарланып отырған мәдениет үйінде түрлі ауқымды шараларды өткізетін кең концерт залы да болмақ. 

Тағы бір жаңалық, облыс орталығында бес жұлдызды отель салу ойластырылуда. Оның жобасын итальяндық инвесторлар әзірледі. Қазіргі таңда Оралдағы қонақүйлердің жайы көңіл қанағаттандырмайды. Сондықтан жетекші итальяндық дизайнерлердің қатысуымен салынатын жаңа қонақүй қызмет көрсетудің сапасын да арттыратын болады.

Биыл «Орал» әуежайының терминалын қайта құру жоспарланып отыр. Әбден ескірген ғимаратты жаңартпаса болмайды. Қазіргі заманда әуе жолдары маңызды рөл атқарады. Сондықтан терминалдың жаңғыртылуы бизнес ахуалының одан әрі жақсаруына, туризмнің дамуына, шетелдік инвестициялардың келуіне  әсер етеді. Оның үстіне өткен жылы Франкфурт пен Мәскеуге, Атырау мен Ақтауға рейстер ашылып, жолаушылар ағыны арта түсті. Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде, қолайлы аумақта орналасқан бұл әуежайдың болашағы зор.

Айта кетейік, биыл сондай-ақ автокөлік иелеріне қызмет көрсететін арнайы орталық та ашылатын болады.