Оралда 2 көлік соқтығысып, үш адам жарақат алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда қос автокөлік соқтығысып, үш адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға «Динамо» базасы тұсында, Шаған өзенінен өтетін көпір маңында болған.

Жедел жәрдем стансасына шақырту сағат 17.44-те түскен.

Жол апаты салдарынан 1996 жылғы  қыз бен 1991 жылғы азамат алдын ала мәлімет бойынша, жабық бас-ми жарақатын алған. 1994 жылғы азаматшаның іш құрылысына зақым келген. Олардың бәрі де облыстық ауруханаға жеткізілді.

Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, сол маңдағы жөндеу орнынан шыққан «Лада Приора» автокөлігі тағы бір көлікке барып соғылған.

Жол апаты салдарынан  қалада көлік кептелісі  болды. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.