ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында көше жолдарын жөндеу жұмыстары басталды.
Қала әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, биыл шаһардың бас көшесі - Достық даңғылын жөндеу жалғасады. Өткен жылы Достықтың М.Мәметова көшесінен Еуразия даңғылына дейінгі бөлігі ретке келтірілген болатын. Биыл алдымен Еуразия даңғылы мен М.Ықсанов көшесі аралығы жөнделеді. Содан кейін Е.Пугачев көшесіне дейін жеткізіледі. Жалпы ұзындығы 3,5 км жолды қайта жөндеуге «ҚПО б.в.» компаниясы 625 млн. теңге бөлген еді. Мердігер ұйым «Азиятехстрой» ЖШС Достық даңғылына қоса М.Ықсанов көшесін де бітірмекші. Жол жөндеу жұмыстарына аталмыш компаниядан сексеннен астам адам, 20 техника тартылған. Қажет болған жағдайда қосымша күш те іске қосылады.
Айта кетейік, биыл Оралда 2 млрд. теңгеге жалпы ұзындығы 20 км 14 көшені жөндеу көзделуде. Соның ішінде 8 көше «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысы есебінен ретке келтірілмек.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).