Оралда 2 мыңнан аса адам көктайғақ салдарынан жарақат алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қыс түскелі бері 2370 адам көктайғақ салдарынан жарақат алды. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен қаланы абаттандыру, жарықтандыру, сәулеттік келбетін жақсарту, қар мен мұздан тазалау мәселелеріне арналған жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша желтоқсан, қаңтар және ақпанның 15-іне дейін көктайғақ салдарынан зардап шеккен 1242 адам облыстық көпбейінді ауруханаға жүгінген.

Сондай-ақ облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 542, қалалық көпбейінді ауруханаға 586 адам түскен.

Жиында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Медет Айдынғалиев қала тұрғындарынан жаяу жүргінші жолдарының тазаланбайтыны жөнінде шағымның жиі түсетінін жеткізді. Кемшіліктер өңір басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілген мониторинг барысында анықталған. Мысалы, орталықтың өзінде Н.Назарбаев даңғылы бойындағы кейбір дүкендердің алдында қатқан мұздың қалыңдығы 10 сантиметрге дейін жетеді.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің мәлім еткеніндей, шаһарда қар шығару жұмыстарымен 180 техникасы бар «Жайық таза қала» ЖШС айналысады.

Аталмыш мәселеге орай облыс әкімі қала тазалығына байланысты жауакершілік пен талапты күшейтуді тапсырды.

«Орталықтағы жағдай осындай болғанда, қаланың шеткері аудандары жөнінде айту қиын. Қаланың санитарлық тазалығына жауапты мекемелер жұмысы ширауы тиіс. Сонымен қатар егер мекемелер, түрлі нысандар аумағы қар мен мұздан қар мен мұздан уақтылы тазартылмаса, онда басшылар мен кәсіпкерлерге айыппұл салуға дейін бару керек. Сондай-ақ көп қабатты үйлердің аумағын тазартуға сол үйлерде тұратын тұрғындарды тарту қажет», деді Ғ.Есқалиев.