ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында 2 жасар қыз екінші қабаттағы терезеден құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 15 мамыр күні сағат 12.30-да Н.Назарбаев даңғылы 148/1-мекенжайында орналасқан 9 қабатты үйде болды.
Ата-анасының қарауынсыз қалған 2019 жылғы қыз екінші қабаттағы терезеден құлап кеткен.
Алдын ала мәліметке қарағанда, жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалды деген күдікпен қыз ауруханаға жатқызылды. Жағдайы орташа.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, екінші қабаттан құлаған қыз құйымшақ пен жамбастың жабық сынық жарақаты және құлағы көгерген деген күдікпен анасымен бірге облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақсай қаласында 6 адамның тамақтан уланып, ауруханаға түскенін, Оралда екі автокөлік соқтығысып, үш баланың зардап шеккенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Ақсайда тамақтан уланған 9 адам дәрігерге жүгінген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).