ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 2 жасар қыз кіржуғыш машинаның барабанына қыстырылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 17 шілде күні түстен кейін М. Жүнісов көшесіндегі 184-үйде болды.
«Сағат 14.20-да 112 пультіне қыз баланың жартылай автоматты кіржуғыш машинаның барабанына қыстырылып қалғаны жөнінде хабар түскен. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар 2021 жылғы қызды арнайы құралдардың көмегімен машина барабанынан шығарып, ата-анасына табыстады. Сәбиге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жұмыс сағат 15.00-де аяқталды. БҚО ТЖД ата-аналарға кішкентай балаларын қараусыз қалдырмау керектігін еске салады», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жаңбыр салдарынан көпқабатты үйлердің жертөлесіне су кіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).