Тұрғындар алдында онлайн есеп берген қала әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, соның жетеуі «Отбасы банк» арқылы берілсе, үшеуі – арендалық үйлер. Барлығы 1226 пәтер тұрғындар игілігіне берілмек.
Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен 72 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтермек. Сонда тұрғын үй салу қарқыны биыл да төмендемейді.
Қазіргі таңда шаһарда 21 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр.
Қала әкімінің сөзіне қарағанда, тұрғындарға қолайлы болуы үшін құрылысы басталған 6 үйдің бірінші қабатында мектепке дейінгі ұйымдар, емхана, полиция пунктері, сауда орындары орналасады.
«Біз 10 басым бағытты айқындап алдық. Екіншіден, қала көшелерін жөндеу жалғасып, автобус паркі жаңартылады. Былтыр басталған 13 нысан бойынша, яғни барлығы 16,7 км жол жөндеу биыл мәреге жетеді. Оған қоса жалпы ұзындығы 44 шақырым болатын 33 көшені күрделі жөндеу үшін құжаттама дайындалуда. Мемлекеттік қолдау арқылы жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар 100-ге жуық жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр», - деді Абат Шыныбеков.
Сондай-ақ ауыз сумен қамту, аулаларды, тынымбақтар мен қоғамдық орындарды абаттандыру, қаланы жарықтандыру мен тұрғын үй кешенін жаңғырту және басқа бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жасалатын болады.