ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында 22 жастағы қыз 9 қабатты үйдің төбесінен секіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше түсте болған.
«Жедел жәрдем сағат 13:17-де шақыртылды. 2001 жылғы қыз 9-қабаттан секіріп кеткен. Көптеген жарақат алып, жедел жәрдем барған кезде қайтыс болып кетті», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі болған оқиғаны растап, ҚР ҚК 105-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, марқұм Теректі ауданында туып-өскен. Кейінгі уақытта Орал қаласында жұмыс істеп жүрген. Сол күні таныс қыздары тұратын үйге барып, осындай жағдайға тап болған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су тасқынынан бір адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).