ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 22 жастағы тұрғын аса ірі көлемдегі есірткімен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Саратов көшесі бойында болып, 1999 жылғы П. деген азамат қолға түсті.
Оның тұрғылықты мекен-жайын тінту кезінде ашық-қоңыр түсті ұнтақ тәрізді заты бар полиэтиленді пакет тәркіленді. Сондай-ақ 2 электронды таразы, полиэтилен пакеттер, 5 дана көк және 2 дана қара түсті электрлік таспалар алынды.
Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар 105,37 грамм мефедрон болып шықты.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігіне (аса ірі көлемдегі есірткі заттарын заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал тұрғынының арзан көлік алам деп 400 мың теңгесінен айырылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).