ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда 23 жастағы қыз өз-өзіне қол жұмсамақшы болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы Лейла Әбдірахманованың айтуынша, оқиға 28 ақпан күні болды.
Сағат 01.18-де бұл жөнінде қыздың құрбысы хабарлаған. Қыз өмірмен қоштасқысы келетінін жазып, құрбысына хабарлама жолдаған.
Құтқарушылар оқиға орнына келіп жеткенде, үйдің есігі ішінен кілттеулі тұр екен. Пәтерге кіргенде, тұрмыстық газдың өткір иісі сезілді. Қыз еденде ес-түссіз құлап жатқан.
Құтқарушы Бекжан Айтқалиев зардап шегушіні балконға алып шығып, полиция қызметкерімен бірге алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Жансақтау шаралары нәтижесінде есін жиған қыз жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).