ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында автокөлігімен 3 оқушы қызды қағып кеткен жүргізуші есірткіге мас болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 32 жастағы жүргізуші кеше түсте «ГАЗ-53» автокөлігімен (ассенизатор) №30 орта мектеп маңында 3 жасөспірімді қағып кеткен.
«Жол апаты салдарынан 2009, 2010 және 2011 жылғы қыздар облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Медициналық сараптамаға сәйкес жүргізуші каннабиноидтарды (марихуананы) пайдаланудың әсерінен есірткіге мас болған. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне (жол қозғалысы ережесін бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. БҚО полиция департаменті жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге абай болып, жол қозғалысы ережесін қатаң сақтау керектігін еске салады», деп хабарлады ведомстводан.
Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тиісті сараптама тағайындалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын автокөлік қағып кеткен 3 оқушы қыздың ауруханада жатырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).