Орал қаласында балабақшада 3 жасар қыз ыстық сорпаға күйіп қалды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен түскен мәлімет бойынша, оқиға 10 қазан күні қаладағы балабақшалардың бірінде болған.
«Жедел жәрдем сағат 12.33-те шақыртылды. 2020 жылғы бүлдіршін абайсызда үстіне сорпа құйып алған. Салдарынан басы, кеуде тұсы, аяқ-қолы мен жамбасынан 25 пайыз күйік жарақатын алған. Қазіргі кезде облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан қыздың жағдайы ауыр», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын анықтау бағытында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 141-бабы 1-бөлігіне (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) сәйкес тергеу амалдары басталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).