Оралда 30 отбасы баспаналы болды

ОРАЛ. KAZINFORM - Орал қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға жаңа пәтер кілті табыс етілді.

Фото: Орал қаласы әкімдігі

Барлығы 30 пәтер жетім балалар, ардагерлер, 1 және 2 топ мүгедектері, толық емес және көпбалалы отбасылардың мүшелері, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар және өзге де санаттар бойынша берілді.

Көппәтерлі тұрғын үй Молодежная көшесінде орналасқан. Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев жаңа қоныс иелерін құттықтап, пәтер кілттерін тапсырды.

- Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік осал топтағы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етіп жатырмыз. Биыл кезекте тұрған 188 отбасыға пәтер кілттерін табыстадық. Бүгін беріліп жатқан тұрғын үй қаланың орталық аумағында орналасқан. Бұл жерде бұрын ескі және апаттық жағдайдағы үйлер болды. Қазір сол жерге көппәтерлі тұрғын үйлерді салып, халық игілігіне берудеміз, - деді Жандос Асхатұлы.

Жаңа пәтер иесі Бақыт Жаманова қуанышымен бөлісті.

- Бірнеше жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрдық. Мемлекет саясатының арқасында осындай жайлы пәтерге қол жеткізіп жатырмыз. Баспаналы болуға себепші болған барша азаматтарға алғыс айтамын, - деді Б.Жаманова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда су басуы мүмкін саяжайлардағы 350 отбасыға хабарлама берілгенін жазған болатынбыз.