ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Ұлттық ұлан жауынгерлері 33 жастағы азаматшаның өліміне қатысы бар күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 18 қаңтар күні кешкісін орын алған. Сағат 21.00 шамасында 5517 әскери бөлімнің Ақниет Нәсіпқалиев, Зиятжан Юнусметов, Мереке Қасымханов есімді қатардағы жауынгерлері бар тобы 4-шағынауданда №9 үйдің жертөлесінен қатты шығып жатқан дауыстарды естіп, төменге түседі. Сол жерден беті қанға боялған қыздың мүрдесін, асүй пышағын және төрт адамды көреді. Сол бойда топ басшысы А.Нәсіпқалиев полиция қызметкерлерін оқиға орнына шақырады. Төрт күдіктінің бәрі де ұсталып, тәртіп сақшыларына тапсырылды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).