ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда жүзу білмейтін әйел адам суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағы судан құтқару қызметінің басшысы Алексей Еремеевтің айтуынша, қайғылы оқиға кеше сағат 18.00 шамасында Желаев кенті жақтағы «Жайық-2» ауданында болды.
1983 жылғы әйел адам суға түсуге болмайтын жерден түскен. Ол әрі жүзу білмейді екен. Марқұмның денесін құтқарушылар алып шықты.
Бұдан бұрын өңірде екі адам суға кеткен болатын.
«Адамдар суға түскен кезде қауіпсіздікті сақтай бермейді. Оның соңы қайғылы оқиғаға соқтырып жатады. Қазіргі кезде күн ысып тұрғандықтан, суға түсушілер қатары көбеюде. Сондықтан тұрғындарға абай болу керектігін ескертеміз», -деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Еремеев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 19 жасар бойжеткеннің суға кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).