ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өткен жылдың 5 қыркүйегінде Орал қаласындағы Достық даңғылы мен Ғұмар Қараш көшесінің қиылысында 1989 жылғы С-ға тиесілі 36 млн. теңгені белгісіз біреудің тартып алып кеткені жөнінде полицияға шағым түскен болатын. Осы қылмыс ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған оқиға ҚР ҚК 191-бабы 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген еді. Оны тергеу барысында зардап шегуші С. мен О. есімді азаматтың тонауды екеуара алдын ала келісіп, әдейі ұйымдастырғаны анықталды.
Құқық қорғау органына жалған ақпарат беріп, тергеп-тексеру барысын бұрмалауға ниеттенген С. бұған дейін Орал қалалық сотының үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал оның сыбайласы О-ны департаменттің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері іздестіру шаралары нәтижесінде биылғы 1 сәуірде ғана қолға түсірді. Қазіргі уақытта 1982 жылғы азамат Орал қалалық ішкі істер басқармасының тергеу изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).