ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде қайғылы оқиға болды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 23 қаңтар күні өндірістік цехта 39 жастағы ер адам қаза тапты.
— Осы дерекке орай қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық жай-жапсары анықталу үстінде, — деп хабарлады ведомстводан.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, оқиға шұжық цехында болған. Станокқа қысылып қалған ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғадан 8 адам зардап шеккенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).