Оралда 4 жасар баланы құтқарып қалған полицейлер «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

ОРАЛ. KAZINFORM — 25 қазан – Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері Рафаэль Ишакаев пен Рысбек Ағзамов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Фото: Ақорда

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жоғары мемлекеттік награданы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов табыстады.

Оқиға биылғы шілде айында Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде М.Мөңкеұлы көшесіндегі көпқабатты үйде болған еді. 4 жасар бала 7-қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кету қаупінде тұрған. Патрульдік полиция батальонының қызметкері Рысбек Ағзамов хабарды естіген бойда баланы құтқаруға ұмтылды. Оған Бәйтерек ауданы полиция бөлімінің қызметкері Рафаэль Ишакаев қосылды. Осы үйде тұратын полицей-жүргізуші Батырбек Сейітов пәтер есігін ашуға жәрдемдескен.

Тәртіп сақшылары санаулы секундтың ішінде терезеде ілініп тұрған баланы қауіпсіз жерге шығарды.

Полицейлердің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында қайғылы жағдайға жол берілген жоқ. Олардың ерлігі ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметтік борышқа адалдықтың жарқын үлгісіне айналды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президенттің Республика күні қарсаңында ел дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттағанын жазған едік.