Оралда 4 жасар баласына пышақ сұққан әйел тергелуде
02:36, 24 Ақпан 2017
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда төрт жасар ұлына пышақ сұғып алған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы 12 ақпанда облыстық көпбейінді балалар ауруханасына денесіне пышақ сұғылған бала жатқызылған.
Полиция қызметкерлері анықтағандай, 1987 жылғы әйел сол күні сағат 20.30 шамасында төрт жасар ұлына қасақана түрде қиянат жасамақшы болған.
17 ақпан күні бала ауруханадан шығарылып, Орал қаласы қамқоршылық және қорғаншылық органының қаулысына сәйкес, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Аталған әйелге қатысты ҚР ҚК 140-бабы 2-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.