Оралда 400 мың теңге пара алған аудармашы сотталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда пара алып, алаяқтық жасаған қалалық ішкі істер басқармасының аудармашысы сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, биылғы тамыз айында қалалық ішкі істер басқармасының «102» нөміріне К. деген азаматша «Асхат» есімді азаматтың оны еркінен тыс жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені туралы хабарлаған. ҚР ҚК 120-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел іздестіру шаралары нәтижесінде аталған қылмыстық іс бойынша күдікті А. екендігі анықталған. Осы уақытта Орал қалалық ішкі істер басқармасы өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша аудармашылық қызмет атқаратын Мұратбек Күлекешев алаяқтық жолмен бөтеннің мүлкін жымқырып қалмақ болып, А-мен кездескен. Сосын М.Күлекешев К-ның арызы бойынша қозғалған қылмыстық істі ҚР ҚК 68-бабы 1-бөлігімен, яғни татуласуына байланысты тоқтатуға ықпал ете алатындығын айтып, ол үшін танысы, Орал қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары М-ға өзі арқылы 200 мың теңге пара беру керектігін айтқан. Алайда А. бұған келіспеген. Ол өзінің мемлекеттік қызметші екендігін алға тартып, жұмысынан босап қалмау үшін істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтату үшін 400 мың теңге бере алатынын жеткізген. М.Күлекешев бұдан кейін аталмыш басқарма ғимаратына кіріп-шығып, М-ның келісім бергендігін айтып, А-ны алдап, көздегеніне қол жеткізген.

Сот үкімімен М.Күлекешев айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеу және мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырумен бірге екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасы кесілді.