Оралда 5 күнде жол ережесін 33 рет бұзған 19 жастағы жүргізушіге 1 млн 500 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 15 қыркүйек күні Suncar Smart Qorgau жүйесі облыс орталығында жылдамдықты әлденеше рет арттырған «ВАЗ-2112» автокөлігін анықтады.
«Аталған автокөлік шамамен сағат 10.10-да Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен Х.Есенжанов көшесінде тоқтатылды. Жүргізуші Орал қаласының 19 жастағы тұрғыны болып шықты. Бес күннің ішінде 33 рет жылдамдықты асырған оған 1 млн 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жүргізуші оңайлатылған тәртіпте айыппұлдың 50 пайызын өтей алады, яғни, ол 500 мың 250 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта автокөлік арнайы тұраққа қойылды», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ағашқа соғылған жүк көлігінің жанып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).