ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында 5 жасар бала төртінші қабаттан құлап кетті.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 15 шілде күні «Астана» шағынауданында болды.
«Сағат 12.52-де 20-үйден биіктіктен құлау дерегі бойынша шақырту түскен. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы 4-қабаттан құлаған 5 жасар баланы шұғыл түрде жақын маңдағы қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізді. Қазіргі кезде бала жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр. Дәрігерлер медициналық тексеруден өткізіп жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бір күнде екі баланың көп қабатты үйдің терезесінен құлап кеткенін жазған болатынбыз.
Онда бір бала көз жұмса, екіншісі ауруханаға түскен еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).