Орал қаласында 54 жастағы ер адамның өліміне қатысты күдікті ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 11 қараша күні болды.
«Сағат 10.05-те облыстық көпбейінді ауруханаға 1969 жылғы ер адам жеткізілген. Алған жарақаттары салдарынан ол ауруханада қайтыс болды. Мүрде сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында аталған қылмысты жасады деген күдікпен Орал қаласының бұрын сотталмаған 1981 жылғы тұрғыны анықталып, ұсталды. Күдікті Орал қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне (абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде марқұмның кәсіпкер болғандығы жазылып жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).