ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында 59 жастағы әйелді өлтірген күдікті ұсталды.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі, полиция капитаны Нұржан Қуанғалидың мәлім еткеніндей, 25 сәуір күні сағат 14.50-де Орал қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне өзінің мекенжайынан 1964 жылғы әйелдің мәйіті табылғаны жөнінде хабар түскен.
Оның денесінде зорлық-зомбылықпен өлтіру белгілері бар екендігі анықталды.
«Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кешенді жедел іздестіру іс-шаралары барысында сол күні күдікті анықталып, қылмыстың ізі суымай қолға түсті. Ол Орал қаласының бұрын сотталған тұрғыны болып шықты. Қазіргі кезде күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», — деді Н.Қуанғали.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда өзінің пәтерінен әйел адамның мүрдесі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).