ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында екі тұрғын үй мен контейнерлер өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, 11 тамыз күні сағат 17.44-те Н.Сыдықов көшесі 42-мекенжайында өрт шыққаны жөнінде хабар түскен.
Әуелі аумағы 140 шаршы метр жерлеу қызметтеріне арналған тауарлар сақталатын 5 темір контейнер мен тұрғын үй (80 шаршы метр) отқа оранды. Содан кейін жалын соған жапсарлас орналасқан контейнер (25 шаршы метр) мен көрші үйдің төбесін (80 шаршы метр) шарпыған.
ТЖ департаменті қызметкерлері оқиға орнынан бір оттегі баллонын (көлемі – 70 литр) алып шықты.
Өртті (жалпы аумағы – 325 шаршы метр) сөндіруге 50 адам, 16 техника жұмылдырылды. «Тілсіз жау» сағат 19.30-да ауыздықталды.
Зардап шеккендер жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша өрт отпен абай болмаудан шыққан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 20-ға жуық адам эвакуацияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).