ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 72 жастағы зейнеткерді өлтірген күдікті төртінші баласын изоляторда босанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 22 тамыз күні күдікті әйелді қамауда ұстау түрі өзгертіліп, 1 ай мерзімге үйқамаққа ауыстырылды.
Орал қаласы мамандандырылған тергеу сотының осындай қаулысы шықты.
«Бұған барлық қажетті тергеу амалдарының толық көлемде жүргізілгені негіз болды. Тек сараптама қорытындысын қосу ғана қалды. Сонымен қатар күдіктінің бұрын сотталмағаны, тұрғылықты мекенжайының және төрт кішкентай баласының бар екендігі ескерілді. Төртінші баласын әйел 19 тамыз күні тергеу изоляторында босанған. Үйқамақта отыруына байланысты ол сотқа дейінгі өндірістің объективті және жан-жақты жүргізілуіне ықпал ете алмайды», деп хабарлады ведомстводан.
Сот қаулысы күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 72 жастағы зейнеткер әйелді пышақтап өлтірген күдіктінің ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).