Оралда 8-қабаттан құлаған 17 жастағы студент қыздың беломыртқасына ота жасалды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, облыстық көпбейінді балалар ауруханасында мұндай күрделі ота алғаш рет жасалды.
21 қазан күні сегізінші қабаттан құлап кеткен қыз ауруханаға ауыр жағдайда түскен еді. Ұзақ уақыт бойы жансақтау бөлімінде жатқан емделуші бұған дейін бірнеше рет отадан өткен еді.
«Бүгін аталған ауруханада нейрохирург Бекежан Траисовтың жетекшілігімен бірінші рет бел жарақатын алған пациентке омыртқалардың транспедикулярлы фиксациясы отасы жасалды. Бес сағатқа созылған ота сәтті өтті, асқынулар болған жоқ. Күрделі отаға Б.Траисовпен бірге нейрохирургтар Айбек Ахатов, Ескелді Жөкенов, Жайдар Сапарғали және анестезиолог-реаниматолог Мирболат Жұмағұлов қатысты», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда студент қыздың сегізінші қабаттан секіріп кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).