ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында денесін түгелге жуық күйік шалған баланың өліміне байланысты БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі қосымша ақпарат берді.
Департамент мәліметіне қарағанда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
- Қазіргі кезде қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайын толық анықтау мақсатында процессуалдық іс-шаралар атқарылуда. Тергеу қорытындысына сәйкес қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданатын болады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда денесінің көп бөлігін күйік шалған 8 жасар баланың көз жұмғанын жазған едік.
Оқиға 10 тамыз күні орын алды. Денесін 95 пайыз күйік шалған бала 17 тамыз күні қайтыс болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).