ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 87 жастағы қария мектепке шабуыл жасалады деп жалған хабар берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Оқиға 25 тамыз күні болды. 1935 жылғы зейнеткер үйінде отырып, сағат 02.25-те өзінің ұялы телефонынан үш сағаттан кейін №20 орта мектепке немесе Зачаган полиция бөліміне шабуыл жасалады деп хабарлаған. Аталған қылмысқа күдікті ретінде 87 жастағы қария анықталып, ұсталды. Оның үстінен ҚР ҚК 273-бабына (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бір күнде жол апатынан екі адамның қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).