Оралда 9 қабатты үйден өрт шығып, 10 адам құтқарылып, 45-і эвакуацияланды

Фото: БҚО ТЖД

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Д.Қонаев шағынауданындағы тоғыз қабатты үйде түнде өрт шықты.

БҚО ТЖ департаментінен мәлім еткеніндей, хабар 29 желтоқсан күні сағат 23.48-де түскен. Бесінші қабаттағы пәтер отқа оранды.

- ТЖД күштері баспалдақ арқылы құтқару қалпақтарын пайдалана отырып, 10 адамды, соның ішінде 5 баланы құтқарды. Сонымен қатар 45 адам, соның ішінде 10 бала эвакуацияланды. Оқиға орнында ТЖД және ТЖ министрлігі 20982-әскери бөлімінің арнайы вахта көліктері тұрғындарды жылыту үшін жұмылдырылды. Өрт толығымен сөндірілді, зардап шеккендер жоқ, - деп хабарлады ведомстводан. 

Департамент дерегіне сәйкес "тілсіз жауды" ауыздықтауға 56 адам, 22 техника қатысты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өрттен қаза болғандар саны 2,6 есеге көбейіп отырғанын жазған едік.