ОРАЛ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін - орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің туған күні. Ақын есімі оралдықтар үшін ерекше жақын. Өйткені Орал - Александр Пушкин ат басын тіреп, аялдаған Қазақстандағы жалғыз қала.
Сондықтан жыл сайын ақынның туған күніне орай оның ескерткішіне оралдықтар гүл шоғын қойып, өлеңдерін оқуды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы да қала тұрғындары ақын рухына тағзым етті. А.Пушкин музейінің меңгерушісі Сара Танабаева жиналғандар алдында ақынның Оралға келгені, сол сапарының нәтижесінде «Пугачев бүлігінің тарихы», «Капитан қызы» атты кітаптар жазғаны жөнінде әңгімелеп берді. Оралда тұратын Пушкинге қатты ұқсайтын Владимир Букреев, №1 орта мектеп пен №6 «Шолпан» балабақшасының шәкірт-тәрбиеленушілері өлеңдер оқыды.
Ақынның туған күніне орай мереке, әсіресе, А.Пушкин музейінде әсерлі өтті. Мұндағы шараға Ресейдің Оралдағы консулы Сергей Прохоров қатысты. Концертте ақын өлеңдеріне жазылған романстар орындалып, театрландырылған көріністер қойылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).