ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше сағат 19.14-те 1952 жылғы ер және 1958 жылғы әйел адамның сағат 12.00-де Перевалочная орманына барып, адасып кеткені жөнінде мәлімет түскен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанованың айтуынша, абырой болғанда, зейнеткерлердің ұялы телефондары қосулы екен. Департаменттің бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі басқармасының қызметкерлері тілдескен кезде олардың саңырауқұлақ теріп жүріп, бағыттарынан айырылып қалғаны белгілі болды. Жедел кезекші, азаматтық қорғау капитаны Азамат Нұрпейісов сауал қоя отырып, зейнеткерлердің қайда жүргенін шамамен анықтап, оларды Жайық өзенінің жағалауына қарай бағыттады.
Адасқандарды іздеуге жедел құтқару жасағынан екі бригада шығып, олардың біреуі жағалауда іздестіру жұмыстарын жүргізсе, екіншісі моторлы қайықпен өзенге түсті. Сағат 21.30-да зейнеткерлер Жайық өзені жағалауынан 2,5 км жердегі орман ішінен, 1-саяжай қауымдастығы ауданынан табылды. Олардың екеуінің де дені сау, медициналық көмекке жүгінген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).