Оралда ағаш отырғызу шарасына «Экспедиция - 25» мүшелері де қатысты
Оған өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері, ардагерлер мен жастар, мекеме-кәсіпорындар қызметкерлерімен қатар Оралға аялдаған «Экспедиция-25» тобының мүшелері де қатысты. Жоба жетекшісі Әділет Есекеевтің сөзіне қарағанда, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына орай «Хабар» телеарнасы Қазақ географиялық қоғамы мен «Арша Медиа» студиясымен бірлесіп ұйымдастырған экспедиция құрамына еліміздің әр өңірінен журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері енгізілген.
Бұл өзіндік реалити-шоуға саяхатқа құмар кез келген адам қосыла алады. Басты мақсат - қазақстандықтарға еліміз табиғатының ғажайып көріністерін, қалалардағы қайталанбас сәулет және тарих ескерткіштерін көрсету, тың деректерді жинастырып, таныстыру. Осымен үш өңірде болған экспедиция 108 күн ішінде Қазақстанның барлық қалаларын аралап өтпекші. Автожорықтың жалпы ұзындығы - 25 мың шақырым. Экспедиция мәреге жеткеннен кейін көрме ұйымдастырылып, оған әр өңірден ең әдемі де көрнекті жерлер түсірілген 25 фотосуреттен қойылатын болады.
Ағаш отырғызу кезінде «Экспедиция - 25» мүшелерімен облыс әкімі Алтай Көлгінов кездесіп, оларға ақ жол тіледі. «Сіздер Оралға сапарларыңызды осындай маңызды шарамен бастадыңыздар. «Артыңда мал қалмаса да, тал қалсын» деп бабаларымыз айтқанындай, қаламыз бен ауылдарымыз жасыл желекке оранып, көркейе берсе, одан бәріміз де ұтамыз. Қазақстанның басты байлығы да - тәуелсіздігіміз бен ел бірлігі. Ел егемендігін баянды етуге үлес қосу - бәріміздің абыройлы борышымыз. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай бүгін егілген тал-терек ертең жайқалатын болады», деді әкім.
«Жайық таза қала» ЖШС директорының орынбасары Әбілқайыр Әмірбаевтың айтуынша, абаттандыру айлығы кезінде жалпы ұзындығы 5 шақырымды қамтитын аумаққа барлығы 50 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ.
«Әр ұйым, мекеме өз аумағын қамқорлыққа алып, ағаш отырғызып, оны күтсе, қандай жақсы. Біз бүгін осындай ниетпен өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктердің басын қосып отырған ортақ шаңырағымыз - Достық үйінің айналасына жасыл көшеттер ектік. Біздің береке-бірлігіміздің айғағындай Достық үйінің аумағы да көк желекке малынып тұратын болады», деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов.