ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ағаштан құлап кеткен 11 жасар бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған жазбадан мәлім болғанындай, оқиға И.Ларин көшесі 10-мекенжайында болды.
Бала допты аламын деп, төртінші қабаттың биіктігіндей ағашқа шығып, құлап кеткен. Мұның барлығы балалардың көз алдында болды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 11 жасар бала қалалық көпбейінді ауруханаға 18 маусым күні сағат 21.36-да түскен.
«Баланы нейрохирург, травматолог, хирург, реаниматолог қарады. Бас сүйегі, мойын омыртқасы, кеуде тұсы, іш құрылысы органдары рентгенге түсірілді. Реаниматологпен бірге сағат 22.50-де облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі кезде жансақтау бөлімінде жатқан баланың жағдайы ауыр», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан 7 жасар қыздың қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).