ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ағайынды жігіттер Жайық өзеніне батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 8 шілде күні қалаға қарасты Меловые горки кенті аумағында болды.
«Сағат 17.35-те екі адамның жабдықталмаған жерден Жайық өзеніне батып кеткені жөнінде хабар түсті. Жедел құтқару жасағының күшімен іздестіру жұмыстары барысында 1991 және 2003 жылғы ағайынды жігіттердің денесі судан шығарылды. БҚО ТЖ департаменті суға шомылу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін еске салады», деп хабарлады ведомстводан.
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, биыл осыған дейін 5 адам суға кеткен болатын. Өткен жылы осы мерзімде 12 адам суға кетсе, соның төртеуі балалар еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көлде ағып кеткен 8 жасар баланың үш күннен кейін табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).