Оралда «Ақ Жайық - достық мекені - 2013» атты көрме ашылды
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен Қазақстан халқы Батыс Қазақстан облысы ассамблеясының қолдауымен облыстық тарихи-өлкетану музейі жүзеге асырған бұл жоба мақсаты - облыс аумағында мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінің бірлігін, туыстығын, достығын насихаттау және олардың мәдениет, тұрмысы, салт-дәстүрі туралы жаңа деректер мен жәдігерлер жинау, сол арқылы кейінгі ұрпақты елін, жерін сүюге, халқын құрметтеуге тәрбиелеу.
«Ақ Жайық - достық мекені - 2013» көрмесі жыл бойына жалғасады. Түркі жұртына ортақ Наурыз мейрамына орай алғашқы болып облысты мекендейтін әзербайжан, дұңған және ұйғыр ұлттарының көрмесі ашылды
Облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Есекенованың сөзіне қарағанда, көрме музейге келушілерге, әсіресе, жастарға өлкеде өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың тарихы, салт-дәстүрі туралы мол мағлұмат береді.
Осы көрме аясында музейде «Ынтымақ, бірлік, келісім - ең басты байлық ел үшін» атты ұлт өкілдерімен кездесу өткізілді.