ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда әкесі қызын құтқарам деп екеуі де суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін Оралда Орда көшесі маңында Жайық өзенінде болды.
Сағат 15.43-те 1973 жылғы ер адам он жасар қызын құтқарам деп суға кеткен. Оның денесін сағат 17.10-да жедел құтқару жасағының іздеу тобы судан шығарды.
Қызы шомылуға жабдықталмаған жерден түсіп, суға кеткен. Оның денесін куәгерлер шығарып алған.
Облыста осымен жыл басынан бері 14 адам суға кетсе, соның алтауы балалар болып отыр.
БҚО ТЖ департаменті рұқсат етілген және жағажайларда ғана суға шомылуға болатынын тұрғындар есіне салады.
Рұқсат етілмеген, сондай-ақ, ескертулері бар белгілерден асып жүзуге, күн көзіне қатты қыздырынып, суға секіруге болмайды. Мас күйде де шомылуға болмайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сегіз жасар баланың суға кеткенін, Оралда тұрғын үй өртеніп, үш адамның ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).