Оралда ақсақалдар жастарға «Ырыс алды - ынтымақты» аманаттады
«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Александр Әжіғалиевтің айтуынша, аталған шара ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткенді таразылап, келешекті бағдарлап, ой-пікір алмасу бағытында ұйымдастырылды. Бұл ретте аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесі жастар үшін ерекше құнды. Азаттық үшін алысып, жан берген, тәуелсіз Қазақ елінің іргесін бекітіп, керегесін кеңейту жолында тынбай еңбек еткен ата-бабаларымыз бен аға ұрпақтың үлгісі ешқашан өшпек емес.
Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы ақсақалдар алқасының төрағасы, өңірде басшылық қызметтер атқарған әрі тарихшы Рахметолла Сүйербаевтың атап өткеніндей, өмірлік тәжірибесі бай, ерлігі мен еңбегі қатар өрілген ардагерлер жастармен ұдайы кездесіп тұрады. «Біз Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыртпалықты, одан кейінгі қиыншылықтардың бәрін бастан кешірдік. Сонда да білім алып, көздеген мақсаттарымызға қол жеткізе білдік. Ең бастысы, аға буын өкілдері Отанға, халқына адал болды, әділдік пен тәртіпті ту етті. Өкінішке қарай, халқымыздың ХХ ғасырдағы өткен жолдары, аштық, соғыс, саяси қуғын-сүргін сынды нәубеттер толық ашылып, жазылып болған жоқ. Сондықтан жас ұрпақ сол кезеңнің көзі тірі куәгерлерінен тарих жылнамасына қажетті деректерді алып қалуы керек», - деді Р.Сүйербаев.
Соғыс және прокуратура ардагері, Мәскеудегі 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысқан Иван Гапич майдангерлер қатарының күн санап селдіреп бара жатқандығын жеткізді. Тағы бір майдангер, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Хамза Сафин Отанын сүйіп, өз елінің өркендеуіне үлес қосу әр азаматтың борышы екендігін атап көрсетті. «Біз патриотизм туралы көп айтамыз. Әңгіме тек насихатта ғана емес, әңгіме әр адамның өз Отанына, еліне өмірін арнап, қалтқысыз қызмет ете білуінде. Қазақстан бізсіз өмір сүре алады, бірақ біз Қазақ елінсіз өмір сүре алмаймыз. Ұлтына қарамастан, елімізде әр адамның өмірден өз орнын табуына барлық жағдай жасалып отыр. Елбасымыз бастаған сара жолмен жүріп, бірлігімізді ту ете алсақ қана барша арман-мақсатымызға қол жеткізе аламыз», - деді Х.Сафин.
Форумда сондай-ақ шешен ұлтының өкілі болса да, қазақ тілінде туындылар жазып жүрген қаламгер, Бөрлі ауданының құрметті азаматы әрі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұхтар Бокаев, корей және әзірбайжан этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Григорий Те, Алибала Мирзоев сынды ардагерлер өз ойларымен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін аяп қалған жоқ. Сауалдарына да орнықты жауап берді.