ОРАЛ. 22 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бүгін М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева атындағы дәрісхана ашылды.
Дәрісхананың ашылуымен облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, аталмыш университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Асхат Иманғалиев және басқалар құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді.
А.Бақтыгереева өз сөзінде университет ұжымына алғысын білдіріп, дәрісхананың жыр қалықтайтын тәрбие орталығына айналуына өз үлесін қосатындығын жеткізді.
Жалпы, университетте осы шаңырақта еңбек еткен Мәтжан Тілеужанов, Ғабдрахим Әбуханов, Отарәлі Бүркітов сынды белгілі ғалымдардың дәрісханалары жұмыс жасайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).