Айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы жүргізген кеште Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев Бауыржан Халиолланың алдағы уақытта да жемісті еңбек ете беруіне тілектестігін білдіріп, құттықтау хатын табыс етті.
Атақты өнер тарланы, Қазақстан мен КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов ақындық өнер туралы тереңнен қозғап, Ақ Жайық өңірінің бірегей таланттарға әуелден кенде болмағанын, Бауыржан Халиолланың қызметін де, өлеңдерін де жоғары бағалайтындығын жеткізді.
Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман Қадыр Мырза Әлидің көзі тірісінде-ақ ұлт ұстазына айналған ұлы ақын болғандығын айтып, оны қадірлеу тұрғысында туған жері Батыс Қазақстан облысында біраз шаралар атқарылғанын атап өтті. Соның ішінде қазір Бауыржан Халиолла жетекшілік етіп отырған Қадыр атындағы мәдениет және өнер орталығы шын мәнісінде тіршілік қыз-қыз қайнап, түрлі шаралар бір-біріне жалғасып жатқан өңірдегі әдеби-рухани мекенге айналып келеді.
Кеш барысында Бауыржан Халиолла өзінің жаңа жырларын да оқып, сондай-ақ оның әндері орындалды. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев кеш иесіне арнаған өлеңін оқыса, белгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев жаңа әнін көрермендер назарына ұсынды.
Айта кетейік, 1 желтоқсан күні дәл осы Жастар мәдениет үйінде Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен «Қадыр жолымен» жобасы аясында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік ететін додаға Серік Қалиев, Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан сынды таңдаулы жиырма ақын қатыспақшы.