Оралда ақын-драматург Иран-Ғайыптың республикалық театрлар фестивалі өтеді
Фестиваль шымылдығы, сонымен қатар батысқазақстандық театрдың ХХІV маусымы Иран-Ғайыптың «Ән-Мұхит» драмалық дастанымен ашылады. Халық композиторы, ақын әрі әнші Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған спектакльді ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов пен театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов сахналады. Мұхит ролінде театрдың белді әртістерінің бірі әрі әнші, мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов ойнайды.
Республикалық театрлар фестиваліне батысқазақстандық ұжымнан басқа үш театр қатысады. Атап айтқанда, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры оралдықтардың назарына Иран-Ғайыптың «Аждаһаның әлегі» ертегісін (қоюшы-режиссері - ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сағызбай Қарабалин), «Фатима» трагедиясы мен «Естайдың Қорланы» махаббатнамасын (екі спектакльдің де режиссері М.Ахманов) ұсынбақшы. Сол секілді Шығыс Қазақстан облысы Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры Иран-Ғайыптың «Адасқан бақ құсы» шер-шеменін (режиссері Ерсайын Төлеубай), Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры «Абылай хан» драмасын (режиссері - ҚР халық әртісі әрі еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ерғали Оразымбетов) қояды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры «Ән-Мұхитқа» қоса Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясы мен «Мәңгілік елдің алтын адамы» драмалық дастанын (М.Ахманов), «Қорқыт» трагедиясын (режиссері - Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов), «Мен ішпеген у бар ма?» реквиемін (М.Томанов) сахнаға шығармақ.
«Жеке автордың туындыларына арналған өнер додасы БҚО әкімдігі мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Батыс Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Фестивальге Македониядан, Мәскеу мен еліміздің қалаларынан театр мамандары, ақындар, драматургтер келеді. Олар фестиваль барысында театр өнерін дамыту бағытында тәжірибе алмасып, өз ой-пікірлерімен бөлісетін болады», деді театр директоры Қуаныш Амандықов.