Оралда ақын-ұстаз Үзілдік Елеубайқызының шығармашылық кеші өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын-ұстаз, жұбантанушы, ҚР білім беру ісінің үздігі Үзілдік Елеубайқызының «Ел деген алтын тұғырым» атты шығармашылық кеші өтті.

Кештің аты айтып тұрғанындай, өмір бойы өлең жазып, талай рет айтыс додасына түссе де, Үзілдік Елеубайқызы туған жері - Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылынан табан аудармай, Ж.Молдағалиев атындағы орта мектепте ұзақ жыл ұстаздық етті. Кезінде белгілі ақын Сағынғали Сейітовтің алғысөзімен өлеңдері республикалық баспасөзде жарияланған Үзілдік тағы бір даңқты жерлесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің елдегі жоқшысы болды. Жыр деп таңға кірпігін ілмесе, Жұбан деп және тыным көрмеді. Осылайша ұстаздық жолында талай шәкіртті тәрбиелеп, қанаттандыра білді. Өлеңдерін топтастырып, кітап та шығарды. Ең бастысы, оны ақын әрі ұстаз ретінде Жұбан елі әрдайым төріне шығарады.

Кеште өңірге танымал өлкетанушы Жайсаң Ақбай, ақын Дариға  Мұштанова Үзілдік Елеубаеваның шығармашылық жолы хақында ой толғаса, ақын Тілес Жазықбай баяндама жасады. Ақынның өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер орындалды. Сыныптастары атынан белгілі әнші әрі айтыскер Хатимолла Бердіғалиев, Қуаныш Таубаев, сондай-ақ ақын, Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла, Ақжайық ауданы Есенсай және Құрайлысай ауылдық округтерінің әкімдері Құмар Арыстанғалиев, Асылбек Досқалиев және басқалар жылы сөздерін арнап, сый-сияпаттарын табыс етті.