Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов ақын кешінің Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне бір жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Осы мерзімде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тек Батыс Қазақстан ғана емес, елімізде, сондай-ақ шетелдерде көптеген жұмыстар атқарылды.
«Қазақ халқы қашанда шығармашылық адамдарын құрметтей білген. Сіз ақындық қарым-қабілетіңізбен бірге Жаңақала ауданынан табан аудармай, мемлекетке, елге қызмет етіп келесіз. Аудан әкімінің орынбасары ретінде рухани салаға басшылық еттіңіз. Қазіргі кезде халық қалаулысы, аудандық мәслихат хатшысы ретінде қаражат мәселелерінің уақтылы шешілуіне үлес қосудасыз», деді Ғ.Оспанқұлов.
Кеште белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева да Закария Сисенғалидың қаламгерлік қадыр-қасиетіне тоқталды.
«Рухани жаңғыру әркімге де қатысты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақ жастары әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, еңбек етуде. Өзге елдің адамдарымен терезесі тең, төрт құбыласы түгел. Ол да керек. Дегенмен туған жер деген қасиетті топырақ бар. Сенің ататегің, бүкіл болмысың сонда. Кейінгі ұрпаққа қалдыратын мұра, өсиетің де сонда. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Закария өлеңдерінен туған жерді құрметтеудің үлгісін көреміз. Басқасын айтпағанда, оның сөзіне жазылған Донеділ Қажымовтың «Ақ Жайық - ару мекенім» әні осы өңірдің гимніне айналды. Бұл ән кең байтақ қазақ елінде ғана емес, шетелдерде де орындалып жүр. Бұл - туған жерге деген перзент махаббатының шынайы көрінісі», деді А.Бақтыгереева.
Сондай-ақ ақын Сағынтай Бисенғалиев лебізін жырмен жеткізді.
Кеште ақын жаңа өлеңдерін оқып, оның сөздеріне жазылған әндер шырқалды. 1974 жылы З.Сисенғали түлеп ұшқан алтын ұя - Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің мұғалімдері мен шәкірттері, Жаңақала ауданының әншілері өз өнерлерін көрсетті.