Оралда «Ақжайық, әсем Оралым» атты әндер жинағы жарық көрді
Мың данамен басылып шыққан кітап идеясының авторы қала әкімі Самиғолла Оразов болса, құрастырған Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов. Алғысөзін белгілі композитор, Қазақстан халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиев жазған аталмыш тақырыптағы тұңғыш әндер жинағына Жайық пен Орал туралы қазақ және орыс тілдерінде жазылған туындылар топтастырылған. «Ақжайық - ару мекенім» бөліміне 40 ән енгізілсе, «Оралым - асыл қалам» бөлімінде 24 ән берілді. Жинақта Қазақстан халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтен бастап Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Әбілахат Еспаев, Базарбай Жұманиязов, Әшір Молдағайынов сынды белгілі композиторлардың, сондай-ақ жергілікті авторлардың шығармалары да бар.
Қала әкімінің орынбасары Талғат Нығметовтің сөзіне қарағанда, таяуда Орал қаласына арналған әндер байқауы ұйымдастырылып, оған жиырма үміткерден соншама туынды түсті. Бұл әндер де болашақта жинаққа енетін болады.